Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина Түркияда құйылады
Коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасы Қазақстанда өндіріледі, бірақ Түркияда құйылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
- 25-27 сәуірде Қазақстан QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасын алады. Қазақстандық алғашқы вакцина Ақтөбе облысы, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Мамырда тағы 50 мың доза шығару жоспарланып отыр. Кейін 100 мың дозадан өндіруге көшеміз, - деді Тоғжанов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, Қазақстанда вакцина өндіру қуатын айына 500 мың дозаға дейін арттыру мүмкін емес.
- Институт базасында (Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты. - ескерт.) вакцина өндіруге арналған субстанция дайындалады. Маусымнан бастап үлкен өндіріске шығу арқылы 500 мың доза шығара аламыз. Түркиямен келісіміміз бар. Оларда вакцина жоқ, бірақ үлкен өндіріс орындары бар. Сондықтан бұл мәселе бойынша алдын ала келісімге қол қойдық. Сонымен қатар, біз халықаралық стандарттарға сәйкес келу үшін жабдықтың өзін монтаждауға келістік. Түркияда тек құйылады, ал өндіріс - біздікі, - деді Тоғжанов.