Төлеби ауданында жылыжай көлемі 20 гектардан асты
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен жылы өнім көлемі 729,7 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға 58 млрд. теңге инвестиция тартылып, 13 пайызға артты. Республикадағы үлесі 10,1 пайызды құрады. Өңделген өнім экспортының көлемі 105,1 млн.АҚШ долларына жетті. Оның ішінде республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1-орында тұр. Оның ішінде әрине жылыжай өнімдерінің де үлесі жоғары.
Түркістан облысы Төлеби ауданында жылыжай ісін кәсіп еткен шаруалар саны артып келеді. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Жандар Жолдықараев. Көксәйек ауылдық округі, Қазақстан елді мекенінің тұрғыны үйіргелік жерден аумағы 0,13 га болатын жылыжай салған.
Ол бірінші айналымға қияр дақылын екті. Диқанның айтуынша, жиын-терім жұмыстарына маусым айының соңында кіріседі. Жылыжайдан шамамен 10-12 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгінде Төлеби ауданы аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 20 гектардан асады. Биыл тағы 1 га аумаққа жылыжай салу жоспарлануда. Осылайша, аудан тұрғындарын жыл он екі ай бойы көкөніспен қамтуды түбегейлі жақсарту мақсатында бау-бақша саласына көңіл бөлініп, жылыжай шаруашылығын жетілдіруді қолға алынуда.