«Завуч» келіншек өзіне қол жұмсады» деген ақпарат шықты
Осы аптада әлеуметтік желіде былапыт сөздер айтқан видеосы тарап кеткен педагог келіншек өзіне қол жұмсады. Бұл туралы журналист Сардар Әбдіжақия өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Журналист Бадам ауылындағы А.Шерімқұлов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратова өзіне қол жұмсап, қазір жансақтау бөлімінде жатқанын жазды.
"Әзірге есін жиған жоқ, жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер нақты ештеңе айта алмайтынын, егер өзіне келмесе санавиация шақыратыны туралы ауызша ақпарат алдым" - деп жазды Сардар Әбдіжақия.
Еске сала кетейік, бүгін Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Ұлжан Елмұратованы моральға қайшы іс-әрекеттері үшін қызметінен босатылатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар мектеп директоры да зерделеу жұмыстарының нәтижесінде "директор" лауазымынан айрылды.