«Жанды сабақтар» республикалық жобасы Түркістанда қолға алынды

1633511223271967.png

Түркістан облысында елге ғана емес әлемге танымал мамандар оқушыларға сабақ бере бастады. Облыс орталығы Түркістан қаласында бастау алған республикалық «Жанды сабақтар» деп аталатын бұл жобаның аясында білім алушылар тарихи орындарда болып, елге белгілі тұлғалардың, ғалымдардың, профессор оқытушылардың дәрістерін тыңдайды.   

Білім алушылардың бойына тарихи сананы, қазақстандық патриотизмді, өз елінің тарихына деген құрметті, ата-бабаларымыздың жетістіктері үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту мақсатында Түркістан қаласында қолға алынған жобаның алғашқы сабағы өтті.

Түркістан қаласындағы бүкіл тарихи деректерден сыр шертетін «Сапар» орталығында басталған сабаққа Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушылары қатысып, оларға «OSST-tur» туристік компаниясының директоры, гид-экскурсовод Төрәлі Сыздықов көне шаһар тарихы жайлы сыр шертті.

Сонымен қатар ерекше тағылымды танымдық дәріс «Әзірет Сұлтан» кесенесі аумағындағы тарихи әрі туристік орындарда жалғасын тапты. Экскурсия барысында оқушылар мол мағлұмат алып қана қоймай, құнды жәдігерлерді өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Оқушылар сабақтан зор әсер алғандықтарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектеп ашылады. Жалпы облыс бойынша бүгінде 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 70 мектеп, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп салынып жатыр. Бұл туралы Түркістанда өткен өңірдің білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде айтылды.