Шымкент: Қоғамдық бағыттағы автобустар кондукторсыз қызмет көрсетуде
Үшінші мегаполис атанған Шымкентте қоғамдық бағыттағы автобустар халыққа кондукторсыз қызмет көрсетуді бастады. Бұл жүйе әлемде және еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы секілді мегаполистерінде іске асқан.
Қазіргі уақытта қаламыздағы «Т-Бас» тасымалдаушы компаниясына тиесілі №18 маршрут сынама жоба ретінде пилоттық режимде кондукторсыз қызмет көрсетуде. Демек автобусқа мінген әрбір азамат өзі электронды түрде жолақысын төлейді. Яғни, қоғамдық көлікке мінген жолаушылар жолақыны әдеттегідей «Төлем» картасы, sms код және QR код арқылы төлей алады. Бірақ жол жүру ақысын жинайтын адамның (кондуктор) көмегінсіз, өзі жасайды. Автобустағы жолаушылардың жол ақысын төлеген немесе төлемегенін, егер қолма-қол төлем жасаған жағдайда билет алуын Жоба бойынша аялдама бойында ревизорлы бақылаушы мамандар тексеріп отырады.
Пилоттық жобаның мақсаты - ашықтықты қамтамасыз ету, жүргізушінің жалақысын көтеру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жолақы төлемін автоматтандыру, жалпы алғанда қоғамдық көліктерде мәдениеттілікті қалыптастыру.
Айта кетейік, жол ақысын төлеуді автоматты есепке алу жүйесі, яғни «Төлем» енгізілген уақытта кондукторлардың қызметінсіз жұмыс жасау Басқарма назарында болды. Бірақ қаламыздағы халықтың ахуалы(менталитет) көтермегендіктен және бұл жобаны енгізіп отырған инвесторлар қолдамауы себепті кондукторлар қызмет көрсетуін жалғастырған болатын.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, келер жылы жоспар бойынша барлық бағыттар бойынша кондукторлар алып тастау жоспарда бар.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы