Шымкентте VI республикалық әкелер форумы өтуде
Шымкент қаласында «Әкеге қарап ұл өсер» атты VІ республикалық әкелер форумы өтуде. Отбасы институтын нығайту және ер адамдардың отбасындағы рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйлеп, жиынның маңызын атап өтті.
—Бүгінде қоғам ауқымды трансформацияны басынан өткізуде. Осылай жедел өзгеріп жатқан қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, оның мойнындағы міндеттер қандай? ХХІ ғасыр жағдайында жақсы әкеге қандай талаптар қойылады? Бүгінгі форум, міне, осы мәселелерді ашық талқылауымен маңызды деп ойлаймын, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Сонымен бүгінгі әкелердің ең маңызды миссиясы қандай? Менің ойымша қазіргі әкенің басты міндеті – әйелдері бақытты ету. Себебі, әйел бақытты болса, бала да, отбасы да бақытты болады. Тіпті, әйел бақытты болса, әлем бақытты десек те артық айтқандық емес.
Шыңғыс Жұмабекұлы Герри Чепменнің «Махаббаттың 5 тілі» атты кітабын ағылшыншадан қазақ тіліне аудартып жатқанын айтты.
—Бұл кітапта автор отбасы бақытты болуы үшін мынадай 5 тәсілді қолдануды ұсынады. Олар: жақсы сөз айту, уақытты мазмұнды өткізу, сыйлық беру, бір-біріне адал қызмет ету және физикалық қарым-қатынас. Бүгінгі ер азаматтар осы бес мәселеге мұқият болса, жары мен балаларын бақытты ете алады деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде елімізде отбасы институтының нығаюына ықпал етеді, – деді Ш.Жұмабекұлы.
Сонымен қатар алқалы жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссяның мүшесі Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров, БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемәлиев сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға республиканың барлық қалалары мен облыстарынан делегаттар қатысуда. Атап айтқанда, отбасылық саясатқа жауапты орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың өкілдері әкелер институтын дамыту мәселесін бірлесіп талқылауда.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ.
ФОТО Серік ҚОСАЕВ