Шала туылған балаларға ерекше күтім жасалады

№2 Түркістан облыстық перинаталды орталығы Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтарал, Сайрам, Бәйдібек аудандарынан келген өмір қауіпсіздігін ерекше қажет ететін жүкті аналарға дәрігерлік көмек көрсетеді. Яғни, ерте босану қаупі бар не болмаса денсаулығында қандай да бір кінәраты бар келіншектер, бірінші жүктіліктегі болашақ аналар босанады. 

Screenshot_6.jpg

Рас, бүгінде елімізде дүние есігін уақытынан ерте ашатын шалабайлардың саны көп-ақ. Олардың салмағын сұрамаса да аз болатыны анық. Ал, айы-күні жетіп өмірге келген нәресте салмағының қалыпты нормадан жоғары болуы ерекше жағдай. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Феруза Тошметова бойы 60 сантиметр, салмағы алты жарым келіден асатын сәбиін дүниеге әкелді. 30 жастағы келіншектің бұл бесінші баласы. 

– Жақында 6,490 гр салмақпен нәресте дүниеге келді. Келіншек 39 аптасында босанған. Анасында қант диабеті бар болғандықтан салмағы көптеу болған. Ол нәрестеге респираторлық көмек көрсетіліп, бір күн жан сақтау бөлімшесінде, 6 күн шала туылған нәрестелер бөлімшесінде жатты. Жағдайы қалыпқа келген соң, бала анасының көкірегінен сүт алатын деңгейге жетіп, глюкозасын нормаға түсіріп шығардық, – дейді шала туылған балалардың күтімі бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Сәпиева.

Анасы Ферузаның айтуынша, жолдасы да ірі салмақта туылған екен. Баласының әке жолын қайталайтынын ол жүктілігінің бесінші айында білген. Ал 7 айлығында жүріп-тұруы тіптен қиындай бастаған. Перзентханадағы білікті мамандардың арқасында келіншек кесарь тілігі арқылы аман-есен босанып, баласын бауырына басып үйіне шығыпты. 

Шала туылған балалардың күтімі бөлімшесінде 42 төсек-орын бар. Қазіргі таңда бөлімшеде ең кішкентай 25 апталық 740 грамдық шала туылған нәресте бар. Мамандардың айтуынша, кейбір аналар шала туылған балаларға арналған «кенгуру» әдісі туралы біле бермейді. Сондықтан босанғаннан соң міндетті түрде мұнда аналарға осы әдісті үйретіп, нәресте сүт алғанша бөлімшеде бақылауда жатады.