Дені сау сәби - мемлекет болашағы

№2 Түркістан облыстық перинаталды орталығының перзентханасында жалпы 120 төсек орын бар. Оның ішінде босандыру бөлімі, әйелдер патологиясы бөлімі, балалар жан сақтау бөлімі, гинекология бөлімі бар. Шыны керек, орталық ғимараты ескілеу болғанымен, дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қыз-келіншектерге жоғары деңгейде қызмет көрсететіні көрініп тұр. Әрине, аналардың көбінде пышаққа ілінуі тікелей өз денсаулығына салғырттығы мен учаскелік дәрігерлердің дұрыс қарамағандығынан болады. Ал дәл босанар уақыт жақындағанда олқылықтың орнын толтырып, жан амандығын сақтау үшін перинаталды орталықтың мамандары жүгіреді. 

Screenshot_7.jpg

Ерте босанып қою жағдайы соңғы уақытта жиі орын алуда. Перинаталды орталықтағы жан сақтау бөлімшесіндегі ауыр жағдайдағы балалардың көбісі Мақтаарал, Жетісай, Ақсукент, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласынан келіп түскен. Сәбилердің уақытынан ерте дүниеге келуі, шала туылуына анасының экстрагениталды патологиясы мен қосымша акушерлік патология да себеп болып отыр. Мұндай балалардың арасында өлім көрсеткіші 500-1000 грамм аралығындағы категорияда көбірек болады. Себебі, өте аз салмақтағы нәрестелерді ана сүтіне бейімдеу қиындық тудырады. Алайда өткен жылдармен салыстырғанда бүгінде баланың өмір сүріп кету деңгейі біршама жоғарылаған.

– Қазіргі таңда жан сақтау бөлімшесінде 12 бала жатыр. Егер аналар аудандарда босанып, баланың жағдайы нашар болса, санавиация бригадасы арқылы біздің орталыққа автоматты түрде алып келінеді. Бұл салмағы 1000 грамм 27 апталық бала Арыс қаласында өмірге келген. 12 мамыр күні санавиация көлігімен жеткізілді. Анасы Арыстағы ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Сәбиге тексеру, емдік шараларының барлығын да қолданып жатырмыз, – балалар жан сақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Бибигүл Сансызбаева.

Енді ғана дүниеге келген әрі органдары дұрыс жетіліп үлгермеген балаға өмір сыйлау өте қиын іс. Кішкентай ғана тіршілік иесін өмірге бейімдеу қажырлы еңбекті, біліктілікті, жауапкершілікті талап етеді. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, дәрігерлер уақытылы оқыту жұмыстарынан өтіп, біліктілігін арттыру мақсатында жиі халықаралық, отандық тренингтерге қатысып, шеберліктерін шыңдап отырады. Қазіргі таңда коронавирустық инфекцияға байланысты семинарлар мен вебинарларға онлайн қатысуда. Ресей, Литва, Австрия елдерінің мамандары өткізетін онлайн семинарлардан қалмай, білімдерін жетілдіріп жатыр екен. 

Мамандарды мазалайтын тағы бір жайт бар. Коронавирустық инфекция келгелі жаңа туылған сәбилердің анализдерінен пневмония белгілері былтырғы жылмен салыстырғанда көптеп табылған. Осыған орай бөлімшеде тыныс алу аппараттарын да көбірек көзге түсті. 

Қазіргі таңда ана мен баланың денсаулығын қатар бақылауда ұстау үшін жүкті әйелдер 37 аптасынан бастап коронавирусты анықтайтын ПЦР тест тапсырады. Былтыр адамдар Covid-19-бен ауырса, қызуы көтеріліп, жөтеліп дегендей белгілері нақты көрінер еді. Ал биыл дертке шалдығып, еш симптомсыз коронавирус болып жатқандар көп. Сол үшін перзентханаға келерде жүкті келіншектің қолында ковид анализі болуы шарт.

– Кейбір кезде бізге келген келіншектерде анализ қорытындысы болмаса, изоляторлық бақылауға жатқызамыз. Тестті тапсырып, нәтижесі шыққан соң коронавирустық инфекция табылмаған әйелдерді жалпы палатаға орналастырамыз. Ал егер оң нәтиже шығып, бірақ ешқандай симптомсыз әрі өкпесі таза болса да бақылауға алынады, – дейді ана мен бала бөлімінің меңгерушісі Жанна Сәметқызы.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Дені сау сәби - мемлекет болашағы