Теңгедегі депозиттерге өтемақы алуға өтініш беру мерзімі ұзартылды
Қазақстанда теңгедегі депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл туралы ҚР Үкіметінің тиісті қаулысына қол қойылды және ол ресми түрде алғашқы жарияланған күннен кейін 10 күн өткен өткен соң күшіне енеді. Құжатқа сәйкес банктер салымшылардан өтініштерді 2023 жылдың 10 ақпанына дейін алуды жалғастырады. Осылайша бұған дейін өтініш беріп үлгермеген депозиторлар өтемақы алу бойынша келісімін растай алады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, теңгедегі депозиттерге өтемақы алуға өтініш беру 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, банктер 284 млрд теңгеге өтінім қабылдады, бұл – төленетін өтемақының ықтимал сомасының 85%-ы.
Өтемақы төлемдері 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін басталады. Сондай-ақ, 10% өтемақы алынуы мүмкін ең жоғары сома – 20 миллион теңге.
Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларын бекітетін Қаулыға қол қойды.