«Самұрық-Қазына» өткен жылы 10 млрд теңгеге қайырымдылық көрсеткен

image.png

Былтыр «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы 10 млрд теңгеге қайырымдылық жобаларды іске асырған. 2023 жылы қайырымдылық сомасы 130 млрд теңгеге дейін 13 есеге артады.

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының құрамында «Қазмұнайгаз» ҰК, «Қазақатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, «Қазақстан темір жолы» ҰК, «ҚазақЭйр» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазпошта» АҚ сынды елге белгілі компаниялар бар. «Самұрық Қазына» және оған қарасты еншілес компаниялар атынан қайырымдылықты бірыңғай оператор – «SAMRUK-KAZYNA TRUST» қоры жүзеге асырады.

«SAMRUK-KAZYNA TRUST» қорының 2022 жылғы қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрады. Бұл қаражатқа қамқоршылық кеңес шешімімен 43 әлеуметтік жобаға қолдау көрсетілді. Тиісті қаражаттың барлығы әлеуметтік жобаларға жұмсалды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау бойынша 4 млрд теңгеге жуық сомаға 9 жоба, білім беру бағытында – 1 млрд 250 млн теңгеге 9 жоба, халықтың осал топтарын қолдауға – 1 млрд 700 млн теңгеге 13 жоба, мәдениет пен бұқаралық спортты дамытуға – 355 млн теңге сомаға 6 жоба, өңірлерді кешенді дамыту бағытында – 3 млрд теңге шамасында 6 жоба қолдау тапқан болатын», - деді «SAMRUK-KAZYNA TRUST» корпоративті қорының бас директоры Әлфия Әдиева «Астана Опера» ғимаратында өткен есеп беру кешінде.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде 500 мың қазақстандыққа, оның ішінде 55 мың балаға қолдау көрсетілді, 624 адам жұмыспен қамтылған. Денсаулық сақтау бағытында Шымкент қаласында 600 балаға арналған оңалту курстары іске қосылса, Қазақстан Республикасы бойынша перинаталдық орталықтарға «Басқарылатын гипотермия» жабдықтарының 5 жиынтығы табысталды.

«Самұрық-Қазына» қолдаған медициналық пойыздар Қазақстанның 147 шалғай станциясындағы 80 мың тұрғынға көмек көрсетті. Бұдан бөлек, оңалту, аутизм орталықтарын қолдау қадамдарын атап өткен жөн.

«Білім беру бағытында мемлекеттік тілді тегін үйретіп қана қоймай, қазақ тіліндегі Soile.kz, Resmi kz порталдары, Жаңаөзеннің үш мектебіне парталар мен интерактивті тақталар алып беру, тұрмысы төмен отбасылардағы 3 мың баланы шығармашылық және спорттық, ағарту үйірмелермен қамтамасыз ету, 12 мың балаға мектеп заттарын тарту ету сынды жобалар болды. Сондай-ақ, жаңаөзендік 200-ден астам оқушы қор қолдауымен еліміздің орта білім беру ордаларына қабылданды», - дейді Ә. Әдиева.

Халықтың осал топтарын қолдау аясында соғыс және еңбек ардагерлері ерекше назарда болып, Қазақстан өңірлеріндегі 400 адам заманауи кәсіптерге оқытылуда. Олардың алды кәсіптерін бастап, грант негізінде кәсіпке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.

Қор демеген тағы бір жоба – мыңнан астам баланың арнайы бейімделген спорт секцияларына баруы. Мәдениет пен бұқаралық спортты дамытудағы қор қолдаған парахоккей құрамасы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Бес өңірдің параволейбол ойыншыларына жаңа құрал-жабдықтар берілді. Өңірлерді кешенді дамыту бағытында Түркістан облысының үш ауыл мектебінің дәретханасы ішке ауыстырылған.

«SAMRUK-KAZYNA TRUST» қорының бастамасымен Атырау және Түркістан облыстарында биылғы 2023 жылы Жастарды тарту орталықтары іске қосылады. Қостанай облысының Әулиекөл ауданында спорт кешені, Маңғыстауда Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылында 21 спорт алаңын ашу, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының ауылдық инфрақұрылымын жақсарту сияқты ауқымды істер де биылға ұласып жатыр», - деді қор басшысы.

Қор жұмысын қорытындылау кеші алғаш рет көпшілікке ашық форматта өтті. Оған Қазақстанның қайырымдылықпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдары, Қазақстан өңірлеріндегі көмек алған балалар мен ересектер, «Самұрық-Қазына» қоры тобының қызметкерлері мен компанияларының басшылары, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Шарада сөз алған «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қайырымдылыққа жұмсалатын қаржыны одан әрі арттыруды көздеп отырғанын айтты. Жақын арада «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аудара бастайды. Алдын ала болжам бойынша, бұл шамамен 130 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылыққа жұмсайтын шығыны 13 есеге артады.

Жиын соңында 2022 жылы қордан көмек алған 30-ға жуық бала концерттік бағдарлама ұсынды.