Түркістан облысында шетелдік көліктерді тіркеу 5 жерде жүргізіледі

image.png

Түркістан облысында шетелдік автокөліктерді тіркеу 5 ХҚО жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы бойынша шетелдік көліктерді тіркеу Түркістан қаласында және Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш аудандарындағы мамандандырылған ХҚО жүргізіледі. Шетелдік көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге көлемінде мемлекеттік төлемдерді төлейді.

«Елімізде шетелдік көлікті заңдастыру үшін көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген болуы керек. Сондай-ақ іздеуде болмауы қажет және өзге мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс. Шетелдік көліктерді тіркеу жұмыстары 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады», - деді Бағланбек Айтпаев.

Брифингке қатысқан Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбековтің айтуынша, алғашқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды. «Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы мамандандырылған ХҚО-ға беруге болады. Онда арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті мамандандырылған ХҚО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады», - деді Алмас Тастанбеков.

Айта кетейік, Ресей Федерациясынан елге келген 300 мыңға жуық көліктің 12 мыңнан астамы Түркістан облысында жүр. Сондай-ақ өңірде Армениялық 500-ден астам көлік бар.