Денсаулық сақтау вице-министрі Түркістан ауруханасына оң баға берді

Screenshot_4.jpg

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне барды. Вице-министр тұмау, қызылша, көкжөтел және жедел респираторлы вирусты инфекцияларымен байланысты жағдайды бағалады.

Сапар барысында вице-министрге аурухана басшысы Бекзат Берденов ағымдағы эпидемиологиялық жағдай мен инфекцияға қарсы медициналық көмектің, оның ішінде шұғыл көмекті ұйымдастыру деңгейі және перспективалық жоспарда жетілдіру жолдары туралы баяндады. Сонымен қатар, А.Есмағамбетова аурухана қызметкерлерімен қызылша мен көкжетелге байланысты профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды талқылады.

Тәулік бойы медициналық көмек көрсететін аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі 95 төсек орыннан тұрады. Оның 65-і балаларға, 30-ы ересектерге арналған. Құрылымында 6 реанимация және қарқынды терапия палатасы, өзінің клиникалық-диагностикалық зертханасы бар. Қажетті диагностикалық жабдықтарымен жабдықталған (УДЗ, рентген, ӨЖЖ аппараттары және т.б.). Қазіргі таңда бөлімшеде 89 пациент ем алуда. Оның 48-іне ЖРВИ, 12-сіне қызылша диагнозы қойылған.

Айжан Есмағамбетова эпидемиологиялық мониторингке, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге қатысты барлық мәселелерді үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ол медицина қызметкерлеріне күрделі және жауапты жанқиярлық жұмысы үшін алғысын білдіріп, аурухана жұмысына оң баға берді.