«Ақ бұлақ» ұжымы садақасын сауапты іске жұмсады
«Ақ бұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығының қызметкерлері рамазан айында пітір-садақаларын арнайы қорға жинап, сол қаражатқа емдік дене шынықтыру кабинетін, ән және ойын терапиялық бөлмелерін жасақтады. Сонымен қатар, білікті дәрігер, іскер басшы Нұрхан Нарымбетованың ұйымшыл ұжымы арнайы мектеп кабинеттерін өздері ұлттық нақыштармен безендіріп, бір бөлмені аспан ғаламшарларымен көркемдеп, телескоп аппаратын қойып, балалардың қиялына ерік беретіндей мүмкіндік сыйлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдің басты байлығы халықтың денсаулығын нығайтуға көп көңіл бөлумен қатар Үкіметке сауығудың барлық жағдайын жасауды міндеттеп, ауруханадан емделіп шыққан пациенттің қайта ауырып, емдеу мекемесінің төсегіне таңылмауының алдын алу мақсатында оңалту орталықтары жұмыс істеу керектігін үнемі айтып келеді.
Түркістан облысында мүгедектігі бар 11 мыңға жуық бала есепте тұрады. Соның 30 пайызын жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан ерекше балалар құрайды. Оларға өңірде 4 оңалту, 3 қамқорлық орталығы қызмет көрсетеді. Соның бірі – «Ақ бұлақ» облыстық балаларды оңалту орталығы.
Нұрқан Мәдәліқызы бар ілімі мен жинаған тәжірибесін осы қамкөңіл балаларды қуантуға арнап, ұжымды игі іске жетелеп жүрген басшы. «Қай жаңашыл ісін көрсек те қиюын қиыстырып, ыңғайластырып, жоқтан барды жасауы бізді де, балаларды да шексіз қуанышқа бөлейді» дейді бөлім меңгерушілері. Оңалту ұжымының сондай кезекті игілікті ісі қасиетті рамазан айында басталып, орталық қызметкерлері сауапты іске бір жұдырық болып, жұмыла кіріскен.
– Біз бұл бастаманы біраздан бері ойлап жүргенбіз. Ем алуға келген балаларды барынша қызықтырып, өмір сүруге құлшынысын арттыру мақсатында тырыстық. Түрлі кабинеттер ашып, баланың зейінін көтеруге мүмкіндік сыйладық деп ойлаймын. Біздің орталыққа келген балалар 18 күн ішінде білім алып, жан-жақты дамиды деген сенімдемін. Осы бастамамды қолдап, қаражатымыздың аздығын ескеріп, өте төмен бағада қажетті түсқағаздарымызды берген Шымкент қаласындағы «Галерея» дүкеніне алғысымды айтамын. Сонымен қатар, ұжымдағы барлық қызметкерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін. Сырттан адам шақырмай, барлық істі жұмыла атқардық. Ойымдағыдан да керемет дүниелер шықты, – дейді оңалту орталығының басшысы.
Ұжымның кезекті қуанышын бөлісуге өзге аймақтағы әріптестері де арнайы келді. Түркістан облыстық балаларды оңалту орталығының басшысы Айдар Шетенов, Кентау қаласындағы «Жансая» балаларды оңалту орталығы басшысының орынбасары, Денсаулық сақтау басқармасының Түркістан облысы бойынша штаттан тыс балалар реабилитологы Мариям Парманова мен «Сарыағаш» облыстық балалар шипажайының басшысы Еркін Нұрлыханов бастаған азаматтар керемет шараның куәсі болды.
– Мен ұжымның ынтымағы артқан достығы жарасқан келбетіне риза болдым. Басшыны қолдау, оған барынша дем беру тек бірлігі бекем, ынтымағы ұйысқан ұйымның ғана қолынан келеді. Ал, Нұрхан Мәдәліқызының балалар үшін жасаған иглікті һәм сауапты ісі барлық әріптестерге үлгі деп білемін. Ұжымдағы мейіргерлер, кіші қызметкерлер бірігіп, бірі қабырғаға сурет салып, бірі ою ойып, бірі түүсқағаз жабыстырып, бірі арнайы аппарат сатып алып беріп, бірі қолданыстан тыс қалған арбасын әкеп беріп үлкен жауаптылық танытқан. Мектепті ыңғайластырып, телефонға телмірген балаларға бір дүниені үйретудің өзі біз үшін үлкен қуаныш. Ауыз толтырып айтуға негізі бар бұл бастама жалғасын табады деп ойлаймын, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының Түркістан облысы бойынша штаттан тыс балалар реабилитологы Мариям Парманова.
Орталықта балалардың медициналық ем-шаралармен қоса үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету мақсатында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру көлемінде математика, қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, Қазақстан және дүние жүзі тарихы, жаратылыстану, география пәндері базалық тәртіпте оқытылады. Математика пәні Qalan.kz интерактивті онлайн порталы арқылы өткізілуде. Ерекше балалардың математикалық сауаттылығын арттыру маңызды екенін түсініп, аталған порталды бір жыл тегін пайдалану мүмкіндігін сыйлаған Qalan.kz-тің негізін қалаушы Асқар Болатқа орталықта қызметкерлері дән риза.
Аумағы 7 гектар жерді құрайтын, табиғаты тамаша тау бөктеріне жақын орналасқан орталыққа келген қонақтар мұндағы мұнтаздай тазалықты, әсем көріністі көріп, таңданып һәм тамсанып қарағандарын жасырмады. Әр ғимаратты арнайы барып аралап көріп, балалармен тілдесіп, жұмыстың тиянақты жүріп жатқанына көз жеткізді. Алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, басқосу барысында ұжымдастарымен тәжірибе алмасты.
Аяжан МӘМЕТ