Тұмауға қарсы Түркістан облысында 270 мыңнан астам адамға екпе салынады

IMG_1170.jpeg

Түркістан облысында тұрғындарды жіті респираторлық вирустық инфекцияларға қарсы иммундау 1 қыркүйекте басталса, тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары 15 қыркүйектен басталды. Бұл туралы кеше Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді.

– Түркістан облысы бойынша 2024 жылдың 8 айында жіті респираторлық вирустық инфекциясы бойынша (ЖРВИ) 150 мың 227 жағдай тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ ауруын жұқтырған азаматтар саны 43,6 пайызға өскен. Сондықтан да ЖРВИ-ға қарсы иммундау науқаны биыл 1 қыркүйектен басталса, ал тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталды. Қазіргі уақытта облыстық қоймаға 50 мың дана екпе жеткізілген. ЖРВИ және COVID-19 инфекцияларының асқынуларына жол бермеу мақсатында өңір бойынша 1 қазанға дейін екпе жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр, – деді департамент басшысының орынбасары.

Денсаулық сақтау министрігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 16 тамыздағы №7 қаулысына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес адамдарға тұмауға қарсы иммундау жұмыстары жүргізілуде. Сол мақсаттта облысқа  271 мың 348 дана «Гриппол+» екпесі әкелінді. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9 пайызына екпе егу жоспарланған. Бұл туралы брифингке қатысқан Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев айтты. Ол қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады.

– Қазіргі таңда облыс бойынша 686 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде 241-і ересектерге арналған, 445 балаларға арналған. Жансақтау бөлімдеріндегі төсек-орындардың жалпы саны – 287. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орындарда 212 науқас жатып ем қабылдауда. Оның 203-іне ЖРВИ, 9-ына пневмония диангозы қойылған, – деді Асхан Мархабайұлы.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста коронавирустық инфекцияның өршуі болған жағдайда, қосымша 1825 инфекциялық төсек-орын ашуға мүмкіндік бар. Десек те, 2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. 

Түркістан облысында эпидемиялық көтерілуі кезінде «Жұқпалы ауруларға байланысты эпидемиялық көтерілулер, ТЖ және пандемиялар кезінде ден қою және жедел іс-қимылдар жоспары» облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бекітілген.

Санитарлық ағату жұмыстары бойынша барлығы 217 семинар өткізіліп, оған 13 мың 524 медицина қызметкері, оның ішінде 1 мың 689 дәрігер, 11 мың 835 орта буын маманы қатыстырылды. Барлығы 239 дәріс оқылып, 5 мың 34 парақша, 3 мың 123 брошюра таратылды. Тұрғындармен 524 кездесу өткізіліп, 1 мың 239 әңгімелесу жүргізіліп, 28 радио-дәріс оқылып, 7 телесұхбат, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы газеттерге 19 мақала жарияланды.

Ағымдағы жылдың эпидмаусым кезеңінде 271 мың 348 жас ерекшеліктері мен тәуекел топтарының санаттары бойынша (екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балаларға, диспансерлік есепте тұратын созылмалы аурулары бар ересек топтар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша және т.б.) халықты тұмауға қарсы иммундау жоспарлануда. Иммундау Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+» вакцинасымен жүргізіледі. Десек те ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап, бүгінгі күнге дейін ЖРВИ-мен тіркелген науқастар саны 35 мың 943-ті құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 552 адамға азайыпты.