АИТВ аналардан дені сау 686 сәби туылды
«Дұрыс жолды – адам құқығы жолын таңдаңыз» деген ұран – бүгінгі заманның өзекті тақырыбы. Дәл осы ұранмен 2024 жылы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған дүниежүзілік науқан 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.
Науқан аясында Шымкент қаласында АИТВ-ның алдын алу, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма (таңбалау) мен кемсітушіліктің алдын алу бойынша білімдерді кеңінен насихаттау мақсатында акциялар, дөңгелек үстелдер, флешмобтар және басқа да іс-шаралар жоспарланған.
Жоғарыда айтылған ұранның өзектілігін көрсету үшін Шымкент қаласындағы ЖИТС орталығында БАҚ өкілдеріне арналған «АИТВ жұқтырған адамдардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру – біздің басты міндетіміз» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, облыстық тері-венерологиялық диспансер, Жастар ресурстық орталығы өкілдері мен журналистер қатысты.
Баспасөз мәслихатында ЖИТС орталығының бас дәрігері Б.Сырбек, бас дәрігердің орынбасары Қ.Маширов АИТВ жұқтырған адамдардың медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға, зертханалық диагностикаға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарына тоқталды.
– Шымкент қаласындағы ЖИТС орталығында 1881 науқас диспансерлік есепте тұр, 1834-і антиретровирустық ем қабылдап жатыр, олардың 90 пайызы вирустық супрессияға қол жеткізді. Емдеу заманауи біріктірілген препараттармен жүзеге асырылады және күніне бір таблетканы қабылдаудан тұрады. Бүгінге дейін Шымкентте АИТВ жұқтырған әйелдерден дені сау 686 сәби дүниеге келді, – деді бас дәрігер Б.Сырбек.
Бас дәрігердің орынбасары Қ.Маширов АИТВ жұқтырған адамдарға зертханалық бақылау олардың иммундық жағдайына, қатар жүретін аурулардың болуына, антиретровирустық терапияны қолдануына қарай жүргізілетінін атап өтті.
– Біздің орталықтың зертханасы жабдықталған жоғары технологиялық заманау цитометрі тек АИТВ жұқтырған науқастардың ғана емес, сонымен қатар басқа да иммун тапшылығы, аутоиммундық, аллергиялық патологиялар, онкологиялық аурулардың иммундық статусын анықтауға мүмкіндік береді, – деді ол.
– Кездесу барысында әрбір жастың АИТВ туралы білу маңызды екеніне тағы да көзім жетті. Ақпаратты арттыру үшін Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын шараларды көбейтіп, оған еріктілерді де жұмылдыру қажет, – деді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары А.Әлжан.
Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Б.Мұсаева мен облыстық тері-венерологиялық диспансердің дәрігері Р.Әбдібекова АИТВ-инфекциясы туралы халықты ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталып, ЖИТС орталығының мамандарымен бірлесе отырып, халықты сауықтыру жұмыстарын күшейтуге күш салатындарын жеткізді.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер АИТВ туралы тест сұрақтарына жауап беріп, қаншалықты хабардар екендіктерін байқады. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітпей, таңбаламай және түсінбеушілікті алдын алуға арналған термин сөздермен таныстырылды.
Іс-шара соңында ЖИТС орталығының және шақырылған мамандар сұхбат беріп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Баспасөз мәслихатының барлық қатысушыларына ақпараттық-танымдық материалдар пакеті таратылды.