Түркістан облысының тұрғындары Байдуәлиевтен көмек сұрады
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында кезекті қоғамдық қабылдауын өткізді. Басқарма басшысына жеке мәселелерімен келген тұрғындармен жүздесуге Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев те қатысты.
Жеке қабылдауда азаматтар өздерінің денсаулықтарына байланысты өтініштерін жеткізіп, басқарма басшысынан көмек сұрады. Олардың мәселелерін мұқият тыңдаған Асхан Мархабайұлы қажетті кеңестерін беріп, айтылған барлық сұраныстардың нақтылы шешу жолдарын «AMANAT» партиясы өкілдерімен және тиісті мамандармен бірге қарастырды.
Басқарма басшысының қабылдауына жазылған Сауран ауданы, Құмтиін елді мекенінің тұрғыны Жақсыкүл Истамкулова жолдасының есту қабілеті төмендеп, денсаулығы сыр бергенін мәлімдеді. Жолдасын мүгедектікке шығаруда дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын алуға көмек беруін сұрады. Басқарма басшысы бұл мәселені шешуге Сауран аудандық емханасының басшысы Бақыт Стамқұловқа атсалысуды тапсырып, өзі бақылауда ұстайтынын айтып, медицина саласының мамандарымен организм функциясының бұзылуы мен тіршілік-тынысының шектелу дәрежесiн қарап, бағаланатынын, тиісті қорытынды құжат берілетінін түсіндірді. Осы мазмұндағы сұранысымен Түркістан қаласының тұрғыны Жансая Оралбаева да хабарласып, жасөспірім інісінің көру қабілеті төмендегін айтты, науқасты мүгедектікке шығаруда дәрігерлер алқасының қорытынды құжаты керек екенін мәлімдеді. Бұл мәселені де басқарма басшысы жеке бақылауына алып, жасөспірімнің денсаулық жағдайы жіті зерттелетін болды. Дегенмен, бұған дейін аталған азаматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы өткізген қоғамдық қабылдауда осы мәселелер бойынша жүгінген болатын. Тұрғындарға уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қажетті мемлекеттік қызметтер ұсынылатын болды.
Есту қабілетіне шағымданған тағы бір Түркістан қаласының тұрғыны Захира Серікбаеваны дәрігерлік бақылаудан өткізу, керек ем-дом шараларын атқару міндеттері Түркістан қалалық емханасының басшысы Райымбек Тасырбаевқа тапсырылды. Денсаулығына көмек сұрап келген азамат жұмыспен де қамтылатын болды. Оны тұрақты жұмыспен қамту мәселесін партияның облыстық филиалы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы шешетін болып келісті. Денсаулық жағдайы бойынша сұранысын жеткізген Түркістан қаласының тағы бір тұрғыны Алима Иманбердиеваның мәселесі бойынша да түркістандық дәрігерлер кәсіби медициналық көмек көрсетіп, медициналық консультациялар беретін болды, хирургиялық ота жасаудың қажеттілігі толықтай зерттеледі.
Басқарма басшысына жұмыс орнында өндірістік жарақат алған жолдасының денсаулық жағдайын айтып, пария белсендісі Жанар Досжанова жүгінді. Дәрігерлік бақылаудан өткізу мәселесін реттеп беруді сұраған әйелдің ішкі құрылысы ауыр дәрежеде зақымданған күйеуіне хирургиялық операция жасалған екен. Азаматтың денсаулық жағдайын бақылау да Түркістан қалалық емханасының басшысына міндеттелді. Райымбек Тасырбаевтың айтуынша, қажет болған жағдайда хирург, травматолог мамандардың көмегі көрсетіледі.
Қабылдауға келген бір топ тұрғын целиакия диагнозы бар азаматтарға глютен қоспалары жоқ азық-түлік өнімдерін бюджет есебінен тегін беру мәселесін көтерді. Осындай диагнозы бар тұрғындар глютенсіз тағамдар алуға ай сайын 120-150 мың теңге көлемінде шығындалуға мәжбүр екені айтылды. Соның бірі – Түркістан қаласының тұрғыны Наима Абдуваитова диеталық тағамдар алу мәселесі отбасы үшін өзекті екенін жеткізіп, көмек беруді сұрады. Бірақ, басқарма басшысының айтуынша, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, медициналық ұйымдар арқылы глютенсіз тағамдарды тегін беру 18 жасқа дейінгі азаматтарға ғана қатысты. Дегенмен, солай екен деп Асхан Мархабайұлы науқастарды қараусыз қалдырмаудың амалдарын қарастыратынын түсіндірді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау басқармасының өтінішіне сәйкес, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері жіті зерттейтін болды. Сонымен қатар, аталған санаттағы науқастарға қажетті тағам түрлерін алуға бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастырмақ. Осы мәселе бойынша Сайрам ауданындағы Қарасу ауылының тұрғыны Мафтуна Убайдуллаева да арнайы келіп, аурудың осы түрімен өмір сүруге мәжбүр 9 жасар ұлына глютенсіз тағамдар алуға жәрдем сұрады. Басқарма басшысы Түркістан қалалық емханасының басшысы мен Сайрам аудандық ауруханасының басшыларына науқастарға глютенсіз тағамдар алып беру мәселесін демеуші азаматтардың есебінен шешіп беруді тапсырды. Ал, Денсаулық сақтау басқармасы облыстағы целиакия диагнозы бар азаматтардың тізімін жасап, оларға бюджет есебінен диеталық тағамдар алып беру мәселесін нақтылап, тиісті жұмыстарды жүргізетін болады.
Қоғамдық қабылдау барысында онлайн форматта сауалдарын қойған тұрғындар Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, ауылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарына УДЗ аппаратын қою мәселесі бойынша сауалдарын қойды. Басқарма тарапынан ауылдық аурухананы жөндеуден өткізіп, жаңарту міндеті бойынша толықтай зерттеу жүргізіледі деп шешілді. Ал, ауылдардағы медициналық ұйымдардың техникалық базасын нығайту міндеті кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны айтылып, УДЗ аппараттармен медициналық көмек көрсету мәселесінде денсаулық сақтау нысандарының кадрлық мүмкіндіктері де ескерілетіні айтылды. Медициналық мақсаттағы техникамен жұмыс жүргізе білетін мамандардың болуы маңызды екеніне назар аударылды. Азаматтарға нақтылы көмек көрсетуде, аудандық деңгейдегі медицина ұйымдарындағы аппараттарды ауылдық елді мекендерге алып барып жылжымалы медициналық қабылдаулар жүргізу мәселесі ұйымдастырылатыны туралы ақпарат берілді.
Онлайн форматта трансляцияланған қоғамдық қабылдауға тұрғындар ризашылығын білдірген көптеген жазбалар қалдырды. Эфир барысында сауалдар жолдаған азаматтарға облыстағы медицина саласының даму бағыттары баяндалып, басымдықтары жөнінде мағлұмат берілді.