Баланың асқазанынан 1 келі шаш шықты
Түркістан облысының дәрігерлері 6 жасар қыздың асқазанына күрделі операция жасады. Асқазанда өте үлкен мөлшердегі бөгде заттар анықталған пациент шұғыл түрде Түркістан каласынан Түркістан облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел медициналық жәрдем қызметі көлігімен жеткізілген.
Кішкентай пациенттің сол мезетте асқазанында ЭФГДС процедурасын жасау барысында бөгде заттың бары анықталып, күрделі операция жасалды. Хирург дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан ұйысып қалған бір уыс шаш алып шықты. Шаштың салмағы бір келіге жуықтайды.
Операция сәтті өтіп, емделуші бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз жағдайы жақсарған соң үйіне шығарылды.
Анасының айтуынша, баланың ауырғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.
– Операцияның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі, – деді Түркістан облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.