ҚҚС реформасы кімдерге әсер етпейді – Вице-премьер жауап берді

Screenshot_2.jpg

Сенат кулуарында вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуіне байланысты реформа кімдерге әсер етпейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеде вице-премьер сарапшылар мен журналистер қауымын ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырды. 

"Соңғы уақытта түрлі пікірлер көп айтылып жатыр. Мәселен, кеше Қостанайда шағын дүкен иелері наразылық білдіріп жиналған. Олар аймақтық кәсіпкерлер палата өкілдерімен кездесіп, ҚҚС-тың көтеру арқылы үкімет "соңғы нанымызды тартып алып жатыр" деген сыңайда пікірлер айтқан," – деді Жұманғарин.

Вице-премьердің айтуынша, аталған өзгеріс бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерге әсер етпейді.

"Осы уақытқа дейін бірнеше рет қайталағанымыздай, халыққа қызмет көрсететін барлық кәсіпкерлер – үй жанындағы дүкендер, киоскілер, шағын сауда орындары, мейрамханалар мен шаштараздар – бұл реформадан мүлде зардап шекпейді. Олар бұрынғыдай бөлшек салық режимінде жұмыс істейді. Жылдық кірісі 2,4 миллиард теңгеден аспайтын кәсіпкерлер 4 пайыздық салық төлеп келген болса, сол мөлшерде төлей береді. Олар үшін ештеңе өзгермейді. Бұл реформа бизнес саласының белгілі бір сегментін қамтиды. Ал халықпен жұмыс істейтін, базарда сауда жасайтын, отбасын асырап отырған кәсіпкерлер үшін ешқандай өзгеріс болмайды – бөлшек салық сақталады," – деді министр.