Бәйдібек: Аудан әкімі тұрғындармен кездесті

image.png

Халықты тыңдай білген басшы - халыққа бір табан жақын келеді. Бәйдібек ауданының әкімі де бүгін тұрғындармен кездесіп қайтты. Бұл туралы Аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ержігіт Шәріпбеков Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесінің бойындағы 2 қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аталған үйлердің тұрғындары аудан басшысынан тұрғын үйлерінің шатырын ауыстырып беруді өтініп, аула арқылы жеке үйлерге өтетін көлік қозғалысы мен жолдар, балалар ойнайтын алаңша, ауыз су, қоқыс тастайтын орын және тағы басқа да бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Тұрғындардың әрқайсысының айтқан ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан басшысы заң шеңберінде жауап берді. Алдағы атқарылатын бірқатар жобаларымен бөлісті. Аталған үйлердің ауласын толық аралап шығып, ауыл әкіміне және тиісті бөлім басшыларына істелінуге тиісті нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін аудан әкімі «Аружан» балабақшасы мен С.Әбдіжаппаров атындағы мектептің алдынан автотұрақ салу жөніндегі орындарды көріп шықты. Аудан басшысы Шаян ауылының әкіміне «Аружан» балабақшасы орналасқан А.Нысанов көшесі жақ бетінен және С.Әбдіжаппаров атындағы мектептің алдынан автотұрақ салу жөніндегі құжаттарын әзірлеуді тапсырды.
Құжаттары толық аяқталғаннан кейін аталған екі білім мекемесінде балалардың қауіпсіздігі сақтала отырып, көліктердің жүріп-тұруына ыңғайлы автотұрақтар салынатын болады.