Сарыағаш: Әкім құрылыс жұмыстарына барлау жасады

image.png

Сарыағашта жаһанды жаулаған індетке байланысты енгізілген карантинге қарамастан құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Айта кетерлігі барлық жұмыстар карантин талаптарына сай өтуде.

Аудан әкімі Мұхит Отаршиев жұмыс жоспарына сәйкес ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округіне барып, округ аумағындағы мектеп және жол құрылысы жұмыстарына барлау жасап қайтты.
Ең әуелі аудан әкімі «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан Зортөбе елді мекеніндегі Яссауи көшесіне асфальт жол салу барысымен танысты. Аталған көшенің ұзындығы жалпы 1,95 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жол жамылғысын төсеу жұмыстары аяқталу үстінде, тамыз айының соңына дейін толығымен пайдалануға берілетін болады.
Жол құрылысын аралап болған соң, Жібек жолы елді мекеніндегі №58 Ә.Марғұлан атындағы орта мектепке қосымша 300 орындық оқу корпусы, спорт зал, асхана және шеберханалар құрылысының жұмыстарымен танысты. Аталған мектеп бала санының өсіміне байланысты үш ауысымға өткен болатын. Ендігі кезекте ағымдағы жылы нысан құрылысы пайдалануға берілсе мәселе өз шешімін табатын болады.
Сонымен қатар, аудан басшысы нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекеме және тиісті бөлім басшыларына мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақтылы игерілуін, әлеуметтік нысандарда жасалып жатқан жұмыстардың сапалы болуын және белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін тапсырды.