Ордабасы – қазақ рухының қағбасы

image.png

Ордабасы – Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы таулы өңір.

Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. "Күлтөбенің басында күнде жиын"-деген сөз сол заманнан қалған.

Сол жолы біртұтас қазақ әскері құрылып, Бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған кіші жүз ханы Әбілқайыр - үш жүздің біріккен қазақ жасағына Бас қолбасшы болды. Ордабасыдағы сол баталасу - бәтуәлі болды. Қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Одан кейін де ұлт басына талай нәубет төнді. Қазақ талай мәрте қару ұстап, атқа қонды. Ұзақ жүріп, тайталаспен, жанталаспен жүріп, Тәуелсіздікке де ие болды. Ордабасы тауы-қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы іспетті. 

«Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз» дейді белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ордабасы – қазақ рухының қағбасы