Індеттің екінші толқынынан тәртіп пен тазалық сақтайды

Screenshot_5.jpg

Тамыз айының басында ковид-19 инфекциясын жұқтырған соңғы науқасын госпитальдан үйіне шығарған Ордабасы ауданы коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстарын  жүргізуде.   "Ордабасы оттары" газетінің баспасөз клубында өткен онлайн баспасөз конференциясында  осы тақырыпты тарқатып айтып берген  Ордабасы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асқар Искаков тұрғындарға сондай-ақ  коронавирус, ЖРВИ, тұмаудан сақтанудың жолдарын айтып өтті.

  Асқар Бекболатұлының айтуынша аудан көлемінде індеттің алдын-алу, сақтық  шараларын қатаң сақтанудың арқасында қазіргі таңда өңірде коронавирус инфекциясының таралуы тоқтап тұр. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес дейді басқарма басшысы. Бүгінге дейін ауданда ковид-19 диагнозымен 89 жағдай тіркеліпті. Өкінішке қарай 1 адам аурудың құрбаны болған. 85 науқас құлан таза айығып шыққан. Қазір типтік госпиталь босап тұр. Бұл нәтижеге жетуге әрине медицина қызметкерлері, әкімшілік мамандары, полиция және еріктілердің ерен еңбегі себеп болғаны сөзсіз.

Брифинг соңында спикер коронавирус инфекциясының болжанып отырған екінші толқынын болдыртпау сіз бен біздің қолымызда екенін еске салды. «Ауданда екінші толқынға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мамандар халыққа түсіндіру жұмыстарын әлі тоқтатқан жоқ. Медицина мекемелерінде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Әрине бұл індеттің қайталанбауын тілейміз. Және оны болдыртпау өз қолымызда. Мамандардың кеңесіне құлақ түріп, барлық талаптарды сақтап жүрсек ешқандай ауру бізге жуымайды»,- дейді ол.

 Айта кетейік,  ауданда 100 орындық жаңа провизорлық госпиталь салынуда. Нысанның  құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Онда барлық палаталар түгелімен оттегі аппараттарымен жабдықталған.