Сақтыққа шақырды
Ауру айтып келмейді. Адамзатқа үлкен қауіп төндірген коронавирус инфекциясы жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақтай шекарадан шекара асып, әлемді «жаулап» алады деп кім ойлаған ?! Қазір көптеген мемлекет қарусыз майданнан кейін әлі де оңала алмауда. Кейбір елдерде атың өшкір ауру қайта бас көтеруде. Тәжвирустың бірінші толқыны Қазақстан үшін де оңай соқпады. Қаншама арыстай азаматтан айырылдық. Десе де бірліктің, сақтықтың арқасында бұл дертті де жеңіп шықтық. Алайда босаңсуға әлі ерте. Себебі мамандар індеттің екінші толқыны болуы ықтимал екенін айтып, халықты сақтық шараларын сақтауға шақыруда.
Тұрғындарға індеттің алдын-алу жөнінде брифинг берген Ордабасы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асқар Искаков коронавирустан сақтанудың жолдарын тұрғындардың есіне тағы бір салып өтті. «Коронавирус инфекциясы тыныс алу жолдарының зақымдалуымен сипатталатын респираторлық ауру болып табылады. Вирус жалпы ауа тамшылары арақылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде, ауру адаммен сөйлескенде, тұрмыстық заттар арқылы берілетіні белгілді. Сонымен қатар адам көп шоғырланатын орындарда жұқтырып алу қаупі басым. Сондықтан адам көп жиналатын орындарға барудан мейілінше бас тартқан жөн. Көшеге шыққан жағдайда масканы үнемі тағып жүріңіздер. Әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауды ұмытпаңыздар. Көшеде жүргенде, қандай да бір ғимараттың ішіне кіргенде қолды жақсылап сабынмен жуып немесе антисептикті қолданған абзал. Үйіңізде немесе жұмыс орныңызды таза ұстап, үнемі ылдалды тазарту жұмыстарын жүргізіп тұрған дұрыс»,- дейді Асқар Бекболатұлы.