Кентау ауруханасына оттегі станциясы орнатылды

Screenshot_10.jpg

Індеттің алғашқы толқынында 1400- ге жуық пациентті емдеген Кентау қалалық орталық ауруханасы, тіпті коронавирус жұқтырған жүкті әйелді де аман-есен босандырып алған болатын. Індет қайта тап берсе науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге дайынбыз деген аурухананың бас дәрігері Гүлбану Сыздықова 580 төсек орын әзір тұрғанын айтады.  Бүгінде облыс бойынша 8 оттегі станциясы іске қосылған. Соның бірі осы Кентау ауруханасында орналасқан. Бір жұтым ауаға зар қылған бұл індет адамзат үшін оттегінің қаншалықты құнды екенін ұғындырды. Сондықтан мекеме басшылығы бірінші кезекте оттегінің қолжетімділігін қамтамасыз етіпті. Станцияны жергілікті меценат Бекболат Бекенов өз қаражатына салыпты. Құны 60 миллиондық станция тәулігіне 250 оттегі баллонын толтыра алады. Қажет жағдайда өзге де мекемелерді оттегімен қамтамасыз ете аламыз дейді бас дәрігер.  

Screenshot_9.jpg

«Наурыз айынан бастап облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан 75 миллион теңгеге дейін дәрі-дәрмек берілді.  Ауруханада 10 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 47 оттегі концентраты бар.  50 төсек орынға арналған инфекциялық госпиталымыз толығымен науқастарды қабылдауға дайын.  Бізде маман тапшылығы жоқ. Жалпы 520 медицина қызметкеріміз бар. Оның 57-сі дәрігер, 220 орта буынды қызметкерлер. Пандемияның әрине қайталанбағанын қалаймыз. Әйтсе де тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Әр адам карантин режимін сақтап, өзін-өзі, жақындарын қорғап жүрсе алғашқыдағыдай науқастар саны көп болмас деген ойдамыз»,- дейді Гүлбану Жұмағалиқызы. 

Screenshot_8.jpg

     Мекемеде жаңадан ашылған гемодиализ орталығы жұмыс істеуде.  Сондай-ақ аурухана  компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, жаңа үлгідегі УДЗ мен зертханалық диагностикалық аппараттармен қамтамасыз етілген.