Мегаполисте «Ақылды емхана» бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында «Келер жылдары денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Медициналық ұйымдардың 90 пайызы осы платформаға кіріктіріледі. Электронды денсаулық паспорты енгізіліп, медициналық ақпаратты сақтау үшін бірыңғай база құрылады деп күтілуде» деген болатын. Президент тапсырмасына орай елімізде цифрлық технологияға көшу үдерісі қарқын алуда. Соның ішінде Шымкент қаласының медицина саласы да бұл жаңалыққа түгелдей бет бұрып келеді.
«Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі таңда медицмна саласын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта үшінші мегаполистің емдеу мекемелері толық цифрлық жүйеге көшетін болады. Цифрландырудың алғашқы пилоттық жобасы шаһардағы №3 және №5 емханаға енгізілуде. Қос мекеме 2021 жылдың басынан бастап «Ақылды емханаға» айналады. Немесе мұны «Смарт емхана» деп атауымызға болады. Жаңа технология бойынша жұмыс істейтін емханалар QR код бойынша бағаланып отыратын болады. Сондай-ақ ендігі кезекте пациенттер 086 анықтамасы немесе мүгедектікке қатысты құжаттарды және т.б анықтамаларды онлайн түрде алатын болады»,- дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқрамасының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов.
Мегаполистің бас дәрігері айтқандай №5 қалалық емханасында бүгінде айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Еңбекші ауданында орналасқан мекеме бүгінде 60 мыңға жуық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Емхана барынша автоматизацияланған үдерісіне өту барысында қағаздық құжаттан арылып цифрлық технологияға ауысып жатыр. «Дамумед» бағдарлмасы іске қосылғалы бері мұнда медициналық көмек көрсету жылдамдығы әлдеқайда жоғарылаған. Мәселен қазіргі таңда емхана пациенттері үйден шықпай онлайн кеңес алу, онлайн қабылдауға жазылу, анализ талдауларын көру сиқты қызметтерді жылдам әрі оңай алуда. Яғни емделушілер медициналық қызмет алу үшін ұялы телефонға жүктелген «Дамумед» қосымшасы арқылы өзіне керекті дәрігерге ыңғайлы уақытқа қабылдауға жазылып және қабылдау талонын алып, тікелей кезексіз өзі жазылған уақытқа дәрігерге қаралып жүр. Цифрлық технологияның жетістіктері: уақытты үнемдеу, қашықтықтан өзара құжат алмасу, жұмысты автоматизациялау, жан-жақты параметрлерде есептерді өте аз уақытта алуға мүмкіндік береді. Емхананың мұнан өзге цифрлық технологияларды пайдаланудағы жетістіктері орасан.