Баспана кезегін ілгерілету жұмыстары қолға алынды
Үкімет басшысы биылғы 25 наурызға дейін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырған болатын. Сондай шараның бірі – тұрғындарды баспана кезегіне тіркеудегі өзгеріс. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің кезектілігі мен қолжетімділігін арттыру мәселесін шешу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде толыққанды даму және қолдау институты – «Отбасы банк» АҚ құрылғаны белгілі. Бұл банк халықты баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі құрал – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен берілетін үйлерді сата отырып, мұқтаж азаматтардың кезегін бір орталықтан жүргізеді.
Яғни, бұдан былай баспанаға мұқтаж азаматтардың кезегін тіркеп, жүргізу жұмысы жергілікті атқарушы органдардан алынып, осы «Отбасы банкіне» беріледі. Оның жұмысының негізгі принципі тұрғындарға, әсіресе, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына баспана қолжетімділігін арттыру болмақ. Айта кету керек, жаңа механизм биылғы алғашқы жарты жылдықта толық жүзеге асырылмақ.
Ал осы орайда, Шымкентте жаңа механизм арқылы қосымша 296 мың шаршы метр үйді ел игілігіне беру мүмкіндігі туады. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің мәлімдеуінше, 2020 жылы Шымкент қаласында 649,1 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, жоспар 37,1 мың шаршы метрге артығымен орындалды. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 124 пайызды құраған. Биыл қала бойынша пайдалануға тапсырылатын үйлер ауданын 1 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Қала басшылығы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әзірленген тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа механизміне сәйкес, жеке құрылысшыларға үй құрылысы үшін жер учаскесін беру, қажет инфрақұрылым жүргізу, инвестициялық шығыстардың бір бөлігін өтеп беру және жалға алынған баспананың арендалық төлемін ішінара субсидиялау мәселелері қарастырылып отырғанын мәлімдеді. Осылайша арендалық төлемді субсидиялау арқылы Шымкент қаласындағы баспана кезегінде тұрған 42 мыңнан астам адамды баспанамен қамтуда ілгерілеуге үміт бар.