«Қауіпсіз жол» шарасы бастау алды
Қаламыздағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауы, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, сондай-ақ, заңсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын, техникалық жағдайы мен құрылысы жол қозғалысы қауіпсіздігінің белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін автобустар мен таксилерді пайдалануға тыйым салуға шаралар қабылдау болып табылады.
Полицейлер профилактика барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған жол қозғалысы ережелерінің сақталуына айрықша назар аударуда.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы 3 күнінде 2438 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Олардың басым бөлігі жүргізушілердің қауіпсіздік белбеуін тақпау, ұялы телефон пайдалану сынды құқықбұзушылықтар болып отыр.
«Ағымдағы жылдың екі ай көлемінде жол көлік оқиғалары 13,6 пайызға, дене жарақаттарын алғандар 3 пайызға төмендеп отыр»,- дейді Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мұхтар Бұхарбаев.
Рейд барысында 24 автокөлік айыппұл тұрағына қойылса, көлік терезесін күңгірттеген 179 темір тұлпар анықталған. Айтып өтейік, жедел-профилактикалық шара 20 наурызға дейін жалғасады.