Ас берудің де мәдениеті бар

Screenshot_23.jpg

Қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда дін өкілдерінің атқарар рөлі үлкен. Ел ішіндегі діни көзқарас пен сенім, жоралғыларды өткізуде бірізділік қажет. Ал мұндай діни рәсімдердің ережелерін халыққа түсіндіретін әрине имамдар. 

Осы орайда елімізде «Ас беру» мен «Зират және зиярат ету мәдениеті» туралы жаңа құжат қабылданып, осы рәсімдерді өткізуге қатысты ортақ тәртіп бекітілген болатын. Жаңа ережені насихаттау мақсатында Шымкент қаласында имамдар форум өткізіп, оның тетіктерін талқылады. 

Ас берудегі аста-төк ысырапты тыю қашан да ел аузындағы өзекті мәселе. Осы тұрғыда Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы арнайы құжат қабылдаған болатын. Онда жеті қағида бекітілген. Негізгілері дастархан мәзірін азайтуға бағытталған. Екіншіден, құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Сондай-ақ, кәде-сыйлар тарату да шариғат талабында жоқ. Дін өкілдерінің бұл бастамасын қоғам қайраткерлері де қолдап отыр.

«Қай нәрсенің де сұрауы болады. Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Егер дін өкілдері ас беру секілді жиындарда дастархан мәзірін бекітіп берсе мен қолдаймын»,- дейді қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов. 

Бұл тақырыптағы тағы бір даулы мәселе зират салу және зиярат ету. Қазір жер-жердегі жерлеу рәсімі мен қабір қазуда да қайшылықтар көп. Ал, имамдар енді ортақ талаптың барын айтады. Мәселен, құлпытастың биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспауы тиіс. Зиратты қоршап, марқұмның суретін салмаған жөн және құран аяттары мен сүрелерді жазбау қажет.

«Марқұмға қойылатын көктасқа сурет қашауға, жан-жағын әшекейлеуге, бағалы тастармен көмкеруге жол бермеу секілді және өзге де ережелерді халыққа барынша  түсіндіру жұмыстарын қолға алдық»,- дейді  Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.

Айтып өтейік, бұл пәтуәнің заңдық күші жоқ. Тек діни басқарма өкілдерінің насихатымен жүзеге аспақ. Имамдар да жаңа құжаттаманың тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жүзеге асатынына сенім білдірді.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ас берудің де мәдениеті бар