Жас таланттар танылған кеш
Мәдениет және спорт министрлігі биыл дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын ұлттық әдебиет пен өнерді қалыптастыруға бағытталған «Ел Рухы» Ұлттық жобасын әзірлеуді қолға алды. Бұл жобада халықтың санасында орын алған өзгерістер ескеріліп, жаһандану дәуірінде ұлттық кодымызды сақтап қалуға ерекше мән берілмек. Ұлттық жобаны әзірлеудің басты мақсаты — ел рухын жаңа деңгейге көтеру және жас таланттарға қолдау көрсету.
Шымкент қаласы ертеден-ақ өнердің ордасы саналған. Талай бұлбұл, сахна саңлақтарын түлеткен мәдениеттің мекенінде жоба аясында «Бала дауысы Super Live» атты концерттік кеш өтті. Наурыз мейрамы онкүндігі аясында ұйымдастырылған концерт мегаполситегі дарынды балалардың өнерін паш ету, оларға шығармашылық қолдау көрсетуге арналды. «Бала дауысы Super Live» мерекелік думанында “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” талант иелері мен би топтары қатысты. Атап айтқанда, халықаралық байқаулардың лауреаты “Вдохновение” би тобы, «Акварель» хоры, “Наз Қоңыр” скрипкашылар ансамблі, “Қарақат” мектеп-студиясы оқушылары, Владислав Пампуров және Апельсин Асабаева сынды талантты жастар өнер көрсетті. Бағдарламада қазақтың халық әндері, күйлері, “Вальс королі “ атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері, Еуропа композиторларының классикалық және заманауи музыкалық шығармалары орындалды.
Айта кетейік, мәдени шарада барлық санитарлық нормалар сақталды.