Әмбебап жекпе-жектің мықтылары анықталуда

Screenshot_43.jpg

Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында кәсіби спортты қаржыландыру мен дамыту көзделген. Сондай-ақ аталмыш бағдарламада жасөспірімдердің  спортқа қызығушылығын арттыру керектігі тапсырылған. Мамандардың мәліметіне сүйенер болсақ  елімізде  мектеп оқушылары арасында 1, 938 мың мектеп жасындағы балалар дене шынықтырумен және спортпен қамтылған. Сондай-ақ жергілікті деңгейде 188,9 мың балалар мен жасөспірімдер қамтылған 602 балалар мен жасөспірімдер клубтары (БЖК), 119 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру-сауықтыру клубтары (БЖДШСК) жұмыс істейді.

   Шымқалада да жасөспірімдерді спортқа баулу, кәсіби спортшыларды қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.  Жақында мұнда  әмбебап жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. 

Осымен 10-шы мәрте жалауы желбіреген Қазақстан біріншілігіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің әр аймағынан 14 команда, 160 спортшы қатысып жатыр. 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сайыстың ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл дода «Nur Otan» партиясы мен «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының қолдауымен «Қазақстан Республикасы «Унибой» Әмбебап жекпе-жек Федерациясы» РҚБ ұйымдастырумен өтуде.

Сондай-ақ спорттық шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ҚР «Унибой» Әмбебап жекпе-жек Федерациясы РҚБ президенті Бақытбек Смағұл, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов сайыстың мән-маңызына тоқталып, ізгі лебіздерін білдірді. 

Спорттық додадан іріктелген мықтылар Азия мен Әлем чемпионатына жолдама алады.