«Ұлы дала ойындары» шарасы өтті

Screenshot_37.jpg

Президенттің бастамасымен биылғы тойланып жатқан Наурыз мерекесінің басты ерекшелігі ұлттық дәстүрді, спортты дамыту болып табылады. Шымкенттен бастау алған Әз-Наурыз қарсаңында үшінші мегаполисте көптеген іс-шаралар өтуде. Солардың бірін  Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының мамандары ұйымдастырды.  «Ұлы дала ойындары» атты сайыс барысында жастар мен жасөспірімдер арқан тартыс, бестас, ханталапай сынды ойындардан бақ сынасты. 

Қазақтың ұлттық ойындары жас ұрпақты шампаңдық пен шымырлыққа баулиды. Ақыл ойының дамуына да өз септігін тигізеді. Шара барысында жастар алтыбақан теуіп, өзара қызықты ойын өрнегін көрсетті.

«Ел жадынан ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарымызды орталық мамандары есімізге түсіріп, қайта жаңғыртып жатыр. Қазақтың салт дәстүрі, ұлттық ойындары ешқашан ұмытылмасын»,- дейді шараға қатысқан қала тұрғыны Фарида Дауылбаева. 

Он күндікте тек мерекені қызықтап қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болар істер атқару керек, дейді қоғам белсенділері. Бұл мақсатта кешенді шаралар жоспары да бекітілген.

«Бүгінгі шараның мақсаты ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық ойындарын жастарға насихаттау, жастардың денсаулығын нығайтуға ат салысу, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру»,- дейді   Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми бөлім меңгерушісі Мырзабай Омаров.  

Шара барысында жастар 4-5 ойын түрінен сынға түсті. Жүзден жүйріктер құрмет тұғырынан көрініп, алғыс хатқа ие болды.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: «Ұлы дала ойындары» шарасы өтті