Мейрамханалардың ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілмек

Screenshot_6.jpg

Президент Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығын тойлауда төл  мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға басымдық беру керектігін ерекше атап өткен болатын. 

Осыны ескерген Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Шымқаланың 2200 жылдық мерейтойларының аясында және  21 наурыз – «Ұлттық тағамдар» күніне орай «Жеті шаңырақ» мейрамханасында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты танымдық шарасын өткізді. Шараның мақсаты ұмытылуға айналған ұлттық төл тағамдарды насихаттау. Көне заманнан бастау алған ұлттық асымызды жаңғыртып, туристерге қаламыздың тағамтану мәдениетін таныту. Шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. 

Әдетте қазақтың асханасы десе, әуелі көз алдымызға ет пен сорпа, бауырсақ пен қымыз келеді. Дегенмен, көшпенділер асының біз білмейтін сан түрі бар. Айталық, зерттеушілер мен этнограф ғалымдар қазір қолданыста жоқ тағамның 200-ге жуық түрін тапқан. Танымдық шарада соның біразы жұртшылық назарына ұсынылды. Іс-шараға қаладағы танымал мейрамханалар атап айтсақ, «Кәусар», «Жеті шаңырақ», «Төрлет» сынды мейрамханалардан келген аспаздар қатысып, «Қарын бөртпе», «Шеке асы», «Жаужүрек», «Өрмесүт», «Көмбе», «Белкөтерер», «Сірне», «Үлпершек» т.б. ұлттық тағам түрлерінің жасалу жолын көрсетіп, дайындау әдістерімен, тәжірибесімен бөлісті. Ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылған ақ дастархан жайылып, келген қонақтарға ұсынылды. Игі жақсылар бастамаға ізгі тілектерін айтып, қолдау білдіретіндерін жеткізді. Танымдық шара соңында мейрамхана басшылығы мен аспаздар  Шыңғыс Мұқанның алғыс хатымен марапатталды.

Алдағы уақытта қаламыздың танымал мейрамхана және салтанат сарайларының ас мәзіріне ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыз енгізілетін болады Осылайша, Шымқалаға келетін туристер салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақы асхананың ерекшеліктерімен де таныстыруды көздейді.

Дәстүрлі қазақы астың ерекшеліктері арқылы халқымыздың салтын тануға болады. Әр тағамында терең түсінік, астарлы мән жатыр. Қонақжайлық мәдениетінің де биік болуы содан болар. Танымдық шарада осы үрдіс көрініс тапты.