Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі артқан

Screenshot_3.jpg

Шымкент қаласында агроөнеркәсіптік кешен саласына басымдық беріліп келеді. Өйткені жаһандану заманында азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен қатар тұрады. ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде Шымкент қаласында өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 36,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,9 млрд теңгеге артты. 

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 138,8 млн. АҚШ долларын құрап (қаңтар-қараша), өткен жылмен салыстырғанда 107,5% немесе 9,7 млн. АҚШ долларына артты. Бұл межеленген жоспардан артық көрсеткішті көрсетіп отыр. Бөлшек сауда көлемі 414.7 млрд теңгені құрады. 

2020 жылы Шымкент қаласында жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге он  инвестициялық жоба іске асырылды: «Д-САБЫР» ЖК, «Taza Onim», «Колесников А. В.» ШҚ, «Arman-AGRO» ШҚ, «Тассай Құс» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Ахмедов Мураджан» ЖК, «Бәйтерек АГРО» ЖШС, «Рахат-Agro» ЖШС, «Баян Сұлу» ЖШС. Осылайша ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 2020 жылы 7,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 3,3 млрд теңгеге немесе 1,7 есеге артты.

Сала мамандарының айтуынша қаланың ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 62,6 мың га құрайды, оның ішінде 39,5 мың га — егістік жерлер. Өткен жылы 27,9 мың га немесе 70,6% игерілді, бұл 2019 жылға қарағанда 1,2 мың га артық. Былтырғы  жылы ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға 2847,7 миллион теңге бөлінген (оның ішінде республикалық бюджеттен — 1 137,9 миллион  теңге). Қаражат 100 пайыз игерілген.