Инвестициялық штаб құрылды

Screenshot_2.jpg

Шымкент — Қазақстанның республикалық маңызы бар үш қаласының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі бұл қала — ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталық. Коронавирус пандемиясымен байланысты жалпы әлемдегі және Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды назарға ала отырып, Шымкентте 2020 жыл оң даму серпінімен өткенін атап өтуге болады.

 Биыл да қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, инвесторларды тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта шаһарда инвестициялық жобаларды жедел түрде қарап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсететін қала әкімінің басшылығымен инвестициялық штаб құрылды. Штабтың міндеті – инвестор үшін ерекше жағдайларды қамтамасыз ету бойынша нақты шешім қабылдау.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық ететін штаб құрамына қалалық басқармалар, аумақтық департаменттер мен монополистер кіреді. Әр жұма сайын өтетін штаб отырысында, инвесторлармен zoom платформасы арқылы байланыс орнатылып, әкімшілік кедергілерді жою, қолайлы жағдай орнату және үйлестіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Жалпы қала экономикасы үшін денсаулық, тұрғын үй, қайта өңдеу өндірісі мен агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударылып отыр.

Айта кетейік, Шымкентте кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп, инвестиция тартуға басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесінде өткен жылы Индустриялық даму бағдарламасы аясында инвестиция көлемі 41 пайызға өсіп, 278,5 млрд.теңгеге жеткен. Ал, алдағы бес жылда қалаға барлық бағыттар бойынша 3,7 трлн. теңгені құрайтын инвестиция тарту жоспарлануда.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Инвестициялық штаб құрылды