Мемлекеттің көмегімен оқу орталығын ашты
Шағын және орта бизнесті ілгерілетуде Үкімет бекіткен бағдарламаның шарапаты мол. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бағыты айқын. Ал, шымкенттік тұрғын Ғалия Зайдинова қайтарымсыз қаржы алып, сүйікті ісіне серпін берді. Мамандығы бойынша мұғалім келіншек оқу орталығын ашып, балаларды ағылшынша тіл сындыруға баулып жүр.
Бала кезден арманы бала оқыту болатын. Жоғары оқу орнын бітірген соң біраз уақыт жұмыс таппай жүрді. Ал, мемлекет берген мүмкіндік Ғалияға қанат бітірді. Балаларды ағылшын және орыс тіліне оқытатын оқу орталығын ашты. Қазір 20-ға жуық оқушыны орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеруге үйретіп жүр.
«Мемлекетке алғысымыз шексіз. Бұл біз сияқты шарасыз қалғандарға үлкен көмек»,- дейді оқу орталығының иесі.
«Құрал-жабдықтарды өз ақшама сатып алсам, қиынға соғар еді. Шығынға батамын. Мемлекет қажет қаржы берді. Оқытты. Бұл мүмкіндікті неге пайдаланбасқа»,- дейді кейіпкеріміз. Мемлекеттен алған қаражатына оқуға қажетті құрал-саймандар мен оқулықтар сатып алды. Бұйыртса, шағын кәсібін кеңейтпек ниетте. Ал, жақын маңнан мұндай орталықтың ашылғанына ата-ана да дән разы.
Мамандардың мәліметінше былтыр мемлекет бекіткен бағдарлама бойынша 4 мыңнан астам азамат қайтарымсыз қаржы 600-іне үлестірілмек.
Жалпы, аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өткен жылы 7 722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алды. Ал, «Бастау бизнес» жобасына 2820 адам жолданып, оқытылды.