Балаларға базарлық жасады
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімінің ұйытқы болуымен «Балаларға базарлық» акциясы өтті.
Игі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығы қарсаңында «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынып отыр. Акцияда қаладағы 4 ауданның 100 отбасы балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себеті үлестірілді.
Қайырымдылыққа Шымкент қалалық Мәслихатының депутаттары, кәсіпкер, көпбалалы аналар демеушілік көрсетті. Олар: «Жомарт жүрек» республикалық және қалалық жоба жеңімпаздары, іске азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат, кәсіпкер, көп балалы ана Наргиза Керімбаева басқаратын «MOBIL plus» компаниясының басшылығы мен ерікті жастар және республикалық «Шұғыла кітап» баспа үйі. Балаларға базарлықты әр отбасына жеткізуге атсалысқан Жастар ресурстық орталығының қайырымды волонтері Жазира Асан бастаған жастар.
«Кітап оқуға құштар ұлт» жобасын сапалы іске асыру мақсатында және Балалар әдебиеті жылында қолға алынған бұл акцияның мақсаты – ұл-қыздарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Кітап сыйлаумен қатар, алдағы уақытта осы балаларды «Мен оқыған кітап» байқауларына қатысып, пікір алмасуға шақырамыз.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте өткен республикалық «Кітап фестиваліне» келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа ең құнды сыйлық – әдеби және танымдық кітаптар жинаған болатын. Ол сыйлық қаладағы 4 ауданда тұратын көпбалалы 100 отбасыға таратылған-ды.