21 жоба іске қосылады
Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында ағымдағы жылы 56,1 млрд.теңгеге бір мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 21 жобаны іске қосу көзделген. Бұл туралы қәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков айтты.
Оның айтуынша, бұл жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, проблемалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде екен.
Жалпы қалада кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс атқаруда. Бұл жоба- кәсіпкерлерді қолдау мақсатында әзірленген дағдарысқа қарсы іс-шара жоспары аясында жүзеге асырылып отыр. Мұнда барлық қызметтерді бір жерден алу үшін кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасалған. Жоба — ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Мұнда ең бастысы кәсіпкердің уақыты үнемделіп, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырудың қолжетімділігі артады
Айта кетейік, индустриялық даму бағдарламасы аясында өндірісті кеңейту және өнімді ұлғайту мақсатында 2020 жылы 37,7 млрд теңге сомасына 22 жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылған болатын. Аймақтағы кәсіпкерліктің белсенділігін ынталандыру және қолдау үшін мемлекет қолдау шараларын едәуір күшейтті. Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру көлемі 2019 жылғы 2,4 млрд теңгеден 2020 жылы 3,2 млрд теңгеге дейін немесе 1,3 есе өсті.