Шымкент алдыңғы орыннан көрінді
Шымкент — Қазақстанның республикалық маңызы бар үш қаласының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі бұл қала — ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталық. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды назарға ала отырып, үшінші мегаполисті 2021 жылды оң даму серпінімен бастағанын атап өтуге болады.
Шымкент қаласының ауылшаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша қарқынды өсу байқалады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылдың I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері баяндалған онлайн форматта өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарған.
– Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын дамыту іс-шаралары есебінен Шымкент қаласында өсу байқалады. Бұл бағытта Шымкент қаласы екінші орында келеді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен. Биыл қаңтар-наурыз айында тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша ең үздік көрсеткіш (5,9 пайыз) Шымкент қаласында байқалды, – деді Ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы секторы бойынша да Шымкент қаласы екінші орында (5,5 пайыз) келеді.
Жиында өңірлер бойынша қаңтар-наурыз айындағы негізгі көрсеткіштер жария етілді. Бес көрсеткіш бойынша алты өңір оң нәтижелерге қол жеткізген. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облысы және Шымкент қаласы.