«Nur Otan» партиясы жанынан қоғамдық кеңестер құрылды
Бұдан былай Шымкентте «Nur Otan» партиясы жанындағы 10 қоғамдық кеңес, партияның сайлауалды бағдарламаларына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен саяси кеңесі Бюросының отырысында айтылды.
«Nur Otan»-ның 217 сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жол карталары бекітілді. Оған жауапты депутаттар мен орындаушылар белгілі болды. Енді әр жыл мен нақты іс-шараларға бөлінген 80 мыңнан астам индикаторға қол жеткізу көзделіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында партия қоғамдық кеңестерінің жұмысы жүйелі түрде қайта құрылымнан өтті.
Саяси кеңес Бюросының шешімімен таратылған партиялық кураторлар институтының орнына «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін 13 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Осыған сәйкес Шымкентте қалалық партия филиалы жанынан қалалық құрамы жасақталды.
«Құрамдағы адамдардың барлығы халыққа берілген, елге жаны ашитын білімі мен білігі жететін мамандар жиналған. Соған қуанып отрымын. Партия тарапынан мемлекетіміздің өміршең болуы үшін, халықтың тұрмысы мықты болуы үшін үлкен жұмыстар істеліп жатыр. Конференцияларда тағы да жұмыстар нақыталанады»,- дейді Шымкент қалалық саяси кеңес Бюросының мүшесі Бақтияр Тайжан.
Партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, саяси кеңес бюросының қатарында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және тағы басқа да азаматтар бар.