Қаланың инфрақұрылымы жақсарып келеді
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының осы жылдың I тоқсаны бойынша атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.
Есепті жиында басқарма басшысы Б.Болатбеков қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыты бойынша 85 жоба жүзеге асырылатынын атап өтті. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен 48,6 млрд. теңге қаржы бөлінген.
Мәселен, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту бағдарламасы аясында қала тұрғындарын ауыз сумен қамту бойынша 14 нысан, кәріз бойынша 19 нысан, сапалы электр қуатымен қамту бойынша 19 нысан, табиғи газ бойынша 9 нысан және жылу бойынша 3 нысан, инженерлік инфрақұрылым бойынша 21 нысан сынды тағы басқа нысандар құрылысы жүргізіледі.
Басқарма басшысының айтуынша, бірінші тоқсанға жоспарланған 6,1 млрд. теңге 100 пайыз игерілген.
Ал 2020 жылы Шымкент қаласында 22 елді мекенде су құбыры желілерінің және 5 магистралдық су құбырының құрылысы жүргізілген. Аталған жұмыстарға бюджеттен 10,097 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен — 1,256 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 4,183 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша — 4,659 млрд теңге. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 елді мекенде орамішілік жүйелердің және екі магистралдық су құбырының құрылысы аяқталған. Электрмен жабдықтау бойынша өткен жылы 16 елді мекенде орамлішілік электр желілері мен 3 қосалқы станция құрылысы жүргізілген.