«Ашық бухгалтерия» жобасы қолға алынды

Screenshot_27.png

Елді жегіқұрттай мүжитін сыбайлас жемқорлық бар жерде қоғам ешқашан дамымайды. Әсіресе білім саласы – жемқорлықтан таза болуы тиіс. Себебі білім саласы еліміздің болашақ ұрпағын  тәрбиелейтін басты сала. Сол себепті республикада білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қарқынды орындалып келеді. Мәселен Шымкент қаласының білім саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, қағазбастылықтан арылу мақсатында 32 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі 100 пайыз автоматтандырылған.  Бұл туралы білім басқармасының басшысы баяндады. 

Мамандардың айтуынша  білім беру ұйымдары толығымен сенім байланыс орталықтарымен және «OPEN ЅРАСЕ» кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Мектеп директорларының кабинеттері сыныптарға беріліп, кабинеттері бірінші қабатқа көшірілген. Нәтижесінде арыз-шағым 75 пайызға, қағазбастылық жүз пайызға төмендеген.

Одан бөлек, бюджеттің ашықтығын қалыптастыру мақсатында «Ашық бухгалтерия» жүйесіне көшу үшін пилоттық жоба ретінде басқармаға қарасты жеті мекемеде (3 мектеп, 4 балабақша) жұмыстар басталды. Нәтижесінде нақты қалдықтарды талдау арқылы шығындарды тиімді жоспарлауға, бюджет қаражатын тиімді бөлуге, ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға, шоғырландырылған есептіліктен бастапқы құжатқа дейін ашық есеп жүргізуге мүмкіндік туады дейді сала мамандары.  Шаһар басшысы пилоттық жобаны барлық білім беру ұйымдарында қолға алуды тапсырды.