Тіліміздің мәртебесін асқақтатқан тұңғыш орталық

Screenshot_6.png

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында Шымкентте еліміздегі тұңғыш қазақ тілін оқыту орталығы ашылған болатын.

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастауымен  1996 жылдың  4 қарашасынан бастап «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ретінде өз жұмысын бастаған еді.  

Орталықта «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» іс-шаралары, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жоспарлы индикаторларды орындау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында бүгінде мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, кәсіпорындар мен басқа ұйымдар қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұлғаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту; «Мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу», «Латын графикасын оқыту», курстары мен насихаттау шараларын ұйымдастыру; Тіл үйренушілердің тілдерді белгілі бір деңгейде қиындықсыз меңгеру үшін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік және көмекші оқу құралдары мен сөздіктер әзірлеп, баспадан шығарып, қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңызы мен мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар, семинар-кеңестер, ғылыми-практикалық конференция, ақпараттық сағаттар мен байқаулар ұйымдастырылады.

Бүгінде орталық қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында тіл үйренушілер республикалық байқауларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болып, орталықтың мәртебесін көтеруде.