Тойхананы Ардагерлер үйіне айналдырды

13.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында жеке кәсіпкерліктің экономикадағы  жетекші рөлін атап өтіп, бұл салада әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу қажеттігін тапсырған болатын. 

 Түркістан облысының кәсіпкерлік саласында тың бастамалар бар. Айталық, жуырда арыстық кәсіпкер Рамазан Қадырқұл жеке меншігіндегі тойхананы ардагерлер үйіне айналдырды. Қаланың жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекованың түрткі болуымен ашылған ардагерлерге арналған «Белсенді өмір сүру» орталығында ардагерлер кеңесі мен спортпен шұғылдану аймағы орналасқан. Сонымен бірге қажетті жиһаздармен жабдықталған тұз шахтасы, сенсорлық бөлме, интернет-кафе, йога, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы ойындары аймақтары мен кітапхана қызметін ұсынады. Заманауи үлгіде жабдықталған, елімізде теңдесі жоқ ардагерлер үйінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, қариялардың қуанышына ортақтасты.

"Санадан ешқашан өшпейтін ұлы ерлік, бүгінгі тыныштық бесігін тербеткен жеңімпаз жастардың қайратын жанып, бекемдігін бекіте түсетіндей.  Аталар айбыны – ізбасарларға аманат! Ұрпақтар сабақтастығын ұмытпай еске салып отыратын осы бір қос қуаныш баршамыз үшін де осынысымен құнды. Ардагерлеріміз аман, жастарымыз отаншыл болсын! Арыстық ардагерлер үшін жасалған 

осындай игі бастама, үлгі болар іс әрі қарай өзге аймақтарда жалғасын табады деп сенемін",- деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Арыс қаласының ардагерлері үшін мерекеде үлкен тарту болып отырған ғимараттағы үйлестіру жұмыстарын  Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты "Асыл жүрек" әлеуметтік орталығы жүзеге асыратын болады. Әсем ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Терапевт дәрігері мен емдік массаж бөлімі жұмыс істейді. Арыс қаласындағы 6 мыңнан астам ардагер үшін бұл орталықтың ашылуы үлкен қуаныш. Себебі бұған дейін ардагерлерге арналған мұндай орындар болмаған. Айта кету керек, екі қабаттан тұратын ардагерлер орталығы  ғимаратының бір бөлігі "Неке сарайы" ретінде өз жұмысын бастады. Облыс әкімі ақсақалдармен жүздесіп, оларды Жеңіс күнімен құттықтады.