«Сервистік әкімдік» 960 адамға қызмет көрсеткен
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабайдың Жетісай ауданындағы жұмыс сапары тұрғындарға көрсетілер мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі болып отырған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі ғимаратынан ашылған «Халықтық кеңсе» орталығы жұмысымен танысумен жалғасты. Бұл туралы жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында қолға алынған «сервистік әкімдік» ашылғалы бері 960-қа жуық азаматқа қызмет көрсеткен.
Аталмыш орталықта 9 дербес бөлім, нақтырақ айтсақ, жер қатынастары, ауылшаруашылық, тұрғын-үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен білім бөлімдері бойынша 80-ге жуық мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі және мұнда азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған.
«Қандай да бір құжат үшін әр бөлімнің есігін қағып, уақытын жоғалтатын тұрғындар бүгінгі таңда әуре-сарсаңға салынбай, шаруасын бір ғана орталықтан бітіруді үйренуде. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке деген халықтың сенімін арттырып, сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізіп отырғанына сеніміміз мол.
«Сервистік әкімдіктің» іске қосылуы – күнделікті орын алуы ықтимал тұрмыстық жемқорлықтың тамырына балта шабатын болады» дейді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Асқарбайұлы.
Сонымен қатар, аталмыш орталық ішінен «Адалдық дүкені» де іске қосылған. Сатушысыз бұл дүкеннен келушілер өзіне қажетті заттарын белгіленген бағағадағы төлемақысын тиісті орынға қойып алып кете береді.
Азаматтардың адалдығы мен жемқорлыққа қарсы төзбеушілігін қалыптастыру мақсатында ашылған орталықтың атқарып отырған жұмыстарымен толық танысқан Мирас Қарғабай оң бағасын беріп, елдің сеніміне селкеу түсірмеуді, адал әрі өнегелі қызмет көрсетуді қадап тапсырды.