Елбасының Түркістанға сапары басталды
Қазақстан республикасының Тұңғыш президенті-ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары басталды. Сапар барысында Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Тұңғыш Президент саябағын» одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты.
Мемориалдың ашылу рәсімі аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.
Айта кетері, «Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция.
Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.
2018 жылы облыс орталығы мәртебесін алған Түркістан қаласында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жаңадан салынған тарихи, туристік, мәдени нысандар қаланың келбетін жаңа деңгейге көтерді. Жуырда Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының жиында Түркістанның түркі елдерінің рухани астанасы деп ресми түрде жарияланғаны мәлім.