Грант арқылы тігін шеберханасын ашты
Халыққа арнаған былтырғы Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Шағын және орта бизнестің жалпы іш¬кі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтыл¬ған¬дардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамы¬туға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ,-деген болатын.
Қазіргі уақытта мемлекеттік берген мүмкіндігін пайдаланып, өз кәсібін ашып жатқан азаматтар аз емес. Солардың бірі Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округіндегі Жамбыл ауылының тұрғыны Жанерке Есеналиева. Ол бастауыш кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грантты ұтып алған болатын. Бүгінде тігін шеберханасын ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Ол 555 600 теңге көлеміндегі қаржыға қажетті жабдықтарын түгел сатып алған. Кәсіпкер қолдауды «Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде алып отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, тігінші қазіргі таңда қыз жасауына арналған бұйымдарды тоқиды. Сонымен қатар, қомақты көлемде тапсырыстар қабылдайды. Жақында Атырау қаласындағы ауруханаға 600 дана көрпе-төсек тіккен. Сондай-ақ, тігін шеберханасында жергілікті спорт мектептерінің арнайы киімдері тігіледі.
Шеберхана иесінің айтуынша, өткен жылғы табысы шығынды есептемегенде 2-2,5 млн теңге көлемінде болған. Осылайша тынымсыз еңбегінің арқасында жақсы табысқа кенеліп отыр.