Елбасы этноауылда болды
Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға барды.
Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай twitter-дегі парақшасында жазды. Жаңа нысан 18 ғасырдан көрініс беретін кешен Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан. Этноауыл қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба саналады. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық мұражайдың ортасында орын тепкен. Интерактивті этно-ауылдың ауданы 16 мың шаршы метрді құрайды. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолдарымен ұстай алады. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этноауылдың аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.
Сапар барысында Елбасы Түркістанда пайдалануға берілген бұдан да басқа нысандарды аралады. Қасиетті қаланың үш жыл ішінде адам танымастай өзгергенін тілге тиек еткен Елбасы осы жұмыстарға жетекшілік еткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке ризашылығын білдірді.
Түркі әлемінің рухани астанасы деп ресми түрде танылған Түркістанға туристік нысандар көптеп салынуда. Қалаға ағылған туристердің саны күн санап көбейіп келеді.