Жаңа атшабар салынып жатыр
Шымкент қаласындағы атшабардың 30 жылға жуық тарихы бар. Көрнекті қоғам қайраткері А.Асқаровтың бастамасымен салынған ипподромда талай байрақты жарыстар өтіп, талай спорт саңлақтары түлеп ұшты. Шаһардағы бұл нысанның ұлттық спортымыздың дамуына өз үлесін қосқаны белгілі. Алайда «елу жылда ел жаңа» демекші аталмыш атшабардың ескіргені рас. Мамандар оны халықаралық стандарттарға сай емес деп отыр. Сондықтан үшінші мегаполиске жаңа атшабардың керегі анық және нысан алдағы уақытта Бозарық тұрғын алабынан бой көтеретін болды.
Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Н.Бұқарбаев, Ш.Қозыбақов және Т.Балтабаев қазығы қағылған атшабардың құрылысымен танысты. BI Group компаниясы өз қаражатына салдырып жатқан жаңа ипподром құрылысына 39 гектар жер телімі бөлінген.
Жаңа нысанда 16 мың шаршы метрлік көкпар алаңы, 7 200 шаршы метрлік конкур алаңы, ұзындығы 2 мың метрлік бәйге жолағы, қысқы, жазғы ат қоралар, ветенарлық блок, спортшыларға арналған дайындық алаңдары мен 1 500 орындық трибуна қарастырылған.
BI Group компаниясының Шымкент қаласындағы өкілі Айдын Жәкежановтың айтуынша, ипподром халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Нысанның құрылысын 2022 жылы Наурыз айында аяқтап, мерекеге орай үлкен турнир өткізу жоспарланған. Сол жарыста компания өкілдері жаңа атшабарды қалаға салтанатты жағдайда тапсырады деп күтілуде. Халық қалаулылары құрылыстың сапалы жүргізілуін, әрі оны бақылауға азаматтық қоғам белсенділерін тарту қажеттігін айтты.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өңірлерде мәдениет, спорт және туризм саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Ауыл ел бесігі» және т.б. бағдарламалар шеңберінде жүзеге асыруды жалғастыру қажеттігін, жергілікті атқарушы органдар көрсетілген бағдарламаларды нақтылау, түзету шеңберінде жеке инвесторларды, меценаттарды тарта отырып, жобалар санын ұлғайтуы және бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажеттігін тапсырған болатын.