«Нұрлы жермен» қалай баспана алуға болады?
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – «Отбасы банкінің» салымшылары үшін тиімді шарттармен баспаналы болу мүмкіндігі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік кредиттік баспана кезекте тұратын, үйі жоқ салымшыларға да, баспана кезегінде тұрмайтын салымшыларға да ұсынылады.
«Отбасы банкі» жұмысының екі негізгі бағыты бар: коммерциялық бағдарламалар және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру. Бірінші бағыт бойынша Банк ережелері және «Тұрғын үй құрылыс жинақтары» Заңы бойынша тұрғын үй несиелері беріледі. Мысалы, жаңа немесе екінші нарықтан пәтер алу, үй салу, жер учаскесін сатып алу немесе үйді жөндеу. Осы бағыттарда кепілді және кепілсіз несие ұсынамыз. Мұндай несиені банктен шот ашып, кемінде 3 жыл бойы белгілі бір тәртіппен қаржы салып отырған салымшылар ала алады. Ондай жағдайда біз 1,5 миллион теңгеге дейінгі кепілдіксіз займды жылына 5 пайыз мөлшерлемемен ұсынамыз. Дегенмен, бұл тұста жеке тұлғаның кепілдігі қажет. Екінші бағыт – мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істеу көлемі соңғы кезде көбейді. Нақты айтқанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша атында үйі жоқ, баспана кезегінде тұратын және тұрмайтын салымшыларға әлеуметтік несиемен баспана ұсынылады, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Баспана кезегінде тұрмайтын азаматтар да жергілікті атқарушы орган салатын үйлердегі баспананы жеңілдетілген бағамен ала алады. Ол үшін «Отбасы банкте» депозит ашып, нарықта шығарылған баспана туралы жаңалықтардан хабардар болғаны жөн.
– Биылғы шілде-тамыз айларында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспаналар туралы салымшыларға арналған хабарлама жарияланады. Ол үшін депозитте баспана бағасының кемінде 20 пайызындай жиналуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспананың 1 шаршы метрінің бағасы – 180 мың теңге. Сонда, мысалы, пәтердің жалпы ауданы 80 шаршы метр болса, салымшы 2 млн 880 мың жинауы тиіс. 1 бөлмелі пәтердің ауданы 40 шаршы метр болса, онда депозитіңізде 1 млн 440 мың теңге жиналуы керек», – дейді Дәурен Саудабаев.
Айта кетейік, мұнда конкурс балдық жүйемен өтеді. Ол депозиттің мерзіміне, салымшының қашаннан бастап жинай бастағанына және қазіргі таңда қанша қаржы бар екеніне байланысты.