Қала медицинасының 30 жылдық жетістігі қандай?
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов үшінші мегаполистің кешегі және бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Шымқаланың бас дәрігерінің айтуынша бүгінге дейін денсаулық сақтау саласы материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, медициналық нысандар саны жоспарға сай іске асырылған. «Қазіргі пандемия кезеңіндегі хал-ахуалды реттеп, одан аман-есен шықсақ, біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Жоғары технология арқылы отаның сәтті өтуіне ықпал ететін тәжірибелерді меңгеруді тоқтатпауымыз қажет. Өйткені жыл сайын жоғары мамандандырылған технологиялар саны өсуде. Мәселен, Шымкенттің жүрек орталығында ашық жүрекке ота жасалып, стенттер орнатылуда. Қалалық №1 клиникалық аурухана базасында бауыр мен бүйректі транспланттау, сондай-ақ буындарды эндопротездеу бойынша 100-ден астам операция өтті. Онкологиялық орталықта жетекші мамандардың қатысуымен бауырдың қатерлі ісігімен ауыратын науқастарға 100 ота жасалынды. Қазіргі уақытта тамыр арқылы химиопрепараттарды енгізу арқылы бауырдың, мидың ісіктері бар науқастарға жасалған 50-ден астам операция сәтті өтті. Иә, әлемдік медицинада қолданбалы тәжірибелерді бағындыру – басты міндеттердің бірі, - дейді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Сонымен 30 жыл ішінде қала халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 4,8-ге дейін, яғни 30,4%-ға төмендеген. Ана өлімі 10 есеге, 79,8-ден 7,4-ке, ал нәрестелер өлімі 3 есе азайған. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейінгі азайған статистиканы көрсетсе, қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық және олардан тиісінше өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген. 2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 жалпы практика дәрігеріне жүктеме 2500-ден 1600 адамға дейін төмендеген. МСАК ұйымдарын ірілендіру жоспарлы түрде жүргізіліп, халыққа қадамдық қолжетімділік қамтамасыз етілмек.
Халықты амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін 2021 жылға 7,2 млрд.теңге бөлініпті. Ауруларды ерте анықтау мақсатында жыл сайын 300 мыңнан астам скринингтік зерттеулер жүргізіледі, ауруларды басқару бағдарламалары енгізілген. Сондй-ақ қаланың барлық медициналық ұйымдарында ақпараттық жүйелер енгізілді, халықтың 100%-да электрондық денсаулық паспорты толтырылды дейді мамандар.